Бір ел – бір кітап – 2016


Құрметті оқырмандар!!!
Сіздерді Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зертеу университеті Ғылыми кітапханасы 2016 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жыл кітабы ретінде таңдалған Қазақ әдебиетінде «Зар заман ақындары» аталатын үлкен шоғырдың ішіндегі жарық жұлдыз – Дулат Бабатайұлы жыраудың шығармаларын жалпы халықтық оқуға
ШАҚЫРАДЫ!!!

Дулат Бабатайұлы
(1802-1874)

"Дулат-бар ақындық қуатын ел-жұртының санасын өлеңмен оятуға ат салысқан тарихи тұлға".

М.Әуезов

    Қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі – Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Семей облысының Аягөз ауданында туды. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. Алайда, ақындық өнерді ерекше қастерлеген аймақта өмір сүрген, көне ақын, жыраулар мұрасынан, ескі тарихи аңыздар мен эпикалық жырлардан нәр алып өскен Дулат өз заманындағы ең білімді адамдардың бірі болды. Өнер жолына ерте түскен Дулат ХІХ ғасырдың орта шенінде Сарыарқадағы ең атақты ақындардың санатына қосылады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін құрметке, даңққа бөленіп өткен ақын 1871 жылы өз елінде қайтыс болады.
    Ақынның өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде таралған. Кейбір өлеңдері Қазан қаласынан 1880 жылы алғаш рет «Өсиетнама» деген атпен жарық көрген. Жинаққа ақынның сол кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлаған ой-толғаныстары енген.
    «Еспембет» поэмасы алғаш рет 1957 ж. «Жұлдыз» журналының 5-нөмірінде жарияланды. Д.Бабатайұлының шығармаларын барынша зерттеп, жинап баспаға әзірлеген Қ. Өмірәлиев болды. Ақынның жеке жыр жинағы «Замана сазы» деген атпен 1991 ж. жарық көрді. Ақынның өлең-жырларының басты сарыны – 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету.
    Қазақ даласындағы дәстүрлі хандық басқару жүйесін жою саясатын орнықтырған Ресей империясының 1822-24 жж. шығарған Қазақ даласын басқару жөніндегі ережелеріне қарсылық Бабатайұлының шығармаларының тақырыптық, стильдік, жанрлық ерекшелігін айқындады. Дулат Бабатайұлының уытты, шыншыл сөздерінің кімге арналғанын оның: «Халыққа емес сыйымды, Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді, Улы тілмен улаттым», - деген өлең жолдары көрсетіп тұр. Туған халқының екі жақты езгіге түсіп, көз жасының көл болып ағуы, қайғысы мен мұңы ақынның жан сыры ретінде жыр болып төгілді.     Бұқар және Ақтамберді жырауларды ұстаз тұтқан, көне түркі поэзиясынан тағлым алған, бірақ ақындық дәстүр арнасында еңбек еткен, өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарған Дулат Бабатайұлы қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан байыта түсті, түр, көркемдік тәсілдер тұрғысынан жаңа сатыға көтерді.

Әдебиеттер тізімі

    Бабатайұлы, Дулат. Шығармалары мен тағылымы [Мәтін] / Д. Бабатайұлы; Құраст. Қ. Раев; Ред. алқасы З. Серікқалиұлы (жауапты шығарушы) т. б.- Алматы: Раритет, 2003.- ( Мирас)
    Айтұлы, Н. Ұлттың ұлы жыршысы [Мәтін] : Дулат Бабатайұлы / Н. Айтұлы // Егемен Қазақстан. - 2003. - 3 қыркүйек.
    Дулат [Мәтін] / ҚазССР ғылым акад. М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер ин-ты; Құраст. М. Байділдаев // Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық.- Алматы: Жазушы, 1989. - 197-212 б. 1 Т.- 1989. - 384 б.
    Дулат [Мәтін] / Құраст. К. Серікбаева // Жиырма бір ғасыр дала жыры: Жыр, ой. саз, сөз.- Алматы: RS: Халықаралық Абай клубы, 2013. - 162-163 б.
    Келимбетов, Н. Юсуф Хас-Хаджиб Баласагуни (ХІ век) [Текст] / Н. Келимбетов // Многотомное собрание сочинений.- Алматы: Раритет, 2014. - С. 307. Том 10: Древние литературные памятники тюркских народов. - 2014. - 480 с.
    Құлмұхамедов, М. Тұнық жырдың тұмасы [Мәтін] : Дулат Бабатайұлы / М. Құлмұхамедов // Егемен Қазақстан. - 2003. - 6 қыркүйек.
    Мырзахметұлы, М. Дулат Бабатайұлы [Мәтін] / М. Мырзахметұлы; бас ред. Ә. Нысанбаев // Қазақстан: Ұлттық энциклопедия.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2001. - 3-том. - 294-295 б. 3 т.: Г-Ж. - 2001. - 720 б., сурет.